Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) допинг ісіне қатысты тексеру қорытындысы мен қабылданған шешім туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ресми мәлімдеме
"2026 жылдың 21 ақпанында Астанада Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы (ҚКБФ) Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша Тәртіптік комиссия жұмысының аяқталғанын ресми түрде хабарлады. Комиссия отырысы 2026 жылдың 18 ақпанында өтті.
Жан-жақты тексеру барысында комиссия спортшы сынамасынан табылған мельдонийдің шұғыл медициналық көмек көрсету қажеттілігіне байланысты қолданылғанын анықтады және оның спорттық артықшылық алу мақсатын көздемегенін мәлімдеді. Спортшы әрекеті қасақана емес немқұрайлылық ретінде бағаланды.
Халықаралық антидопинг стандарттарына сәйкес Федерация келесі тәртіптік шараларды қолданды:
Дисквалификация: 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап 6 ай мерзімге жарыстардан шеттету және айыппұл санкциялары;
Міндетті талап: арнайы антидопингтік білім беру курсынан өту;
Бақылау: дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін қайта допинг-тест тапсыру міндеті.
Іс материалдары мен комиссия есебі халықаралық профильдік ұйымдарға - WBO, IBF, Top Rank және VADA - уақытылы жолданды.
Қазіргі уақытта WBO ҚКБФ Тәртіптік комиссиясының қорытындысына сүйене отырып, тиісті шешім қабылдады. Бұл жүргізілген тергеудің объективтілігін және Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының кәсіби стандарттарына халықаралық бокс қауымдастығы тарапынан жоғары сенім бар екенін көрсетеді.
Ал IBF тарапынан ұқсас шешім жуық арада жарияланады деп күтілуде. Федерация аталған ұйыммен тығыз жұмыс байланысын жалғастырып отыр", - деді Ерденбеков.
Жарнама