BoxRec статистикалық порталы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 KO) өз рейтингінен шығарып тастады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстандық боксшының профиліне ұзақ уақыт бойы жекпе-жек өткізбегеніне байланысты "белсенді емес" (inactive) белгісі қойылды. BoxRec ережесіне сәйкес, егер боксшы 12 айдан астам уақыт бойы рингке шықпаса, ол портал рейтингінен автоматты түрде шығарылады.
Бұған дейін Әлімханұлы әлемдегі орта салмақ рейтингінде бірінші орында болған, сондай-ақ Қазақстанның P4P рейтингін бастап тұрған еді. Бұдан бөлек, қазақстандық боксшы салмақ дәрежесіне қарамастан жасалған әлемдік рейтингте үздік 20 боксшысының қатарына кірген. Жәнібек рейтингтен шығарылғаннан кейін орта салмақтағы көшбасшы кубалық Эрисланди Лара болды.
Жәнібек соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізіп, бесінші раундта франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) нокаутқа түсірді. Ал 2025 жылдың желтоқсанында Эрисланди Ларамен титул біріктіретін жекпе-жек өткізу керек еді, алайда, допинг-сынамасынан мельдоний анықталғаннан кейін оның карьерасында үзіліс басталды.
Әлімханұлының рингке оралуы 2027 жылдың 23 қаңтарына жоспарланған. Екінші орта самлақтағы алғашқы жекпе-жегінде ол жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банкпен (17-0, 9 KO) кездесіп, бос тұрған WBO чемпионы атағын сарапқа салады.
Жарнама