4 мамырда Сауд Арабиясында франциялық Брюно Сураспен (26-1-2, 5 KO) өткен қарымтадан кейін мексикалық Хайме Мунгияның (45-2, 35 KO) допинг-сынамасы оң нәтиже көрсетті.
Бұл жекпе-жекте Мунгия ұпай санымен жеңіске жеткен болатын. "А" сынамасы оның қанында экзогенді тестостерон метаболиттерінің бар екенін көрсетті.
Алайда Мунгия ресми мәлімдеме жасап, тыйым салынған заттарды әдейі қолданбағанын айтты."Кәсіпқой карьерамда талай рет допинг-бақылаудан өттім және ешқашан оң нәтиже көрсеткен емес. Бұл дайындық лагерінде де екі рет тест тапсырдым — екеуі де таза болды. Ал енді оң сынама туралы хабар алу — мен үшін мүлде күтпеген жағдай", — деп жазды боксшы әлеуметтік желіде.
Ол сондай-ақ сарапшылармен кеңескенін, олар бұл жағдайдың кездейсоқ ластану салдарынан болуы мүмкін екенін айтқанын және кінәсіздігін дәлелдеу үшін кез келген қажетті тесттен, соның ішінде бұрынғы және болашақ сынамалардан өтуге дайын екенін мәлімдеді.
"Қазір "B" сынамасын талдау және рәсімнің толық аяқталуын күтемін. Сол уақытқа дейін қосымша пікір бермеймін", — деп түйіндеді Мунгия.
Айта кетейік, бұған дейін Мунгия қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуі мүмкін еді, алайда, мексикалық бұл кездесуден бас тартқан болатын.
Сауль "Канело" Альварес допингпен ұсталды
Айта кетейік, Мунгия жеңілмей тұрып, оны кей сарапшылар Сауль Канело Альварестің ізбасары деп атайтын.