Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO ұйымының жаңа әлем чемпионы атанған Ұлыбритания боксшысы Дензел Бентлиге үндеу жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Бентлиді чемпиондық атағымен құттықтағым келеді. Бұл сәттің ләззатын көр, бауырым. Командаң мен отбасыңды да құттықтаймын. Енді сен – чемпионсың", – деп жазды Әлімханұлы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұған дейін жеңіліп көрмеген қазақстандық орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуден бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысатынын мәлімдеген болатын.
Осыдан кейін ұйымның уақытша чемпионы болған Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне ие болды.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлының кәсіби рингтегі рекорды – 17 жеңіс, бірде-бір жеңіліс жоқ. Оның он екісін нокаутпен аяқтаған.
Салмақ дәрежесін ауыстыру туралы шешім қабылдағаннан кейін қазақстандық боксшы мексикалық жұлдыз Сауль Канело Альвареспен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеп, бірнеше салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануды мақсат етіп отырғанын да жеткізді.
Жарнама