Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дана Уайттың Zuffa Boxing промоушені мен орта салмақта WBC титулына ие доминиканалық Карлос Адамес арасындағы келісімшартқа қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Zuffa Boxing баспасөз қызметі Адамеспен келісім жасалғанын ресми түрде жариялап, оны "әлем бойынша қарсыластар айқасудан қашатын боксшылардың бірі" деп атаған еді.
Әлімханұлы доминиканалық боксшының мұндай мәртебесіне күмән келтіріп, әлеуметтік желіде қысқа пікір қалдырды:
"Онымен жекпе-жектен бәрі қашатынына Дана шынымен сеніп қалды деп ойламаймын. Біз оның қандай екенін бәріміз білеміз".
Еске салайық, Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысуды ұйғарып, осы дивизионның чемпионы, британиялық Хамза Ширазбен жұдырықтасқысы келген еді. Алайда Шираз WBO белбеуінен бас тартты. Енді бұл титул Әлімханұлы мен даниялық Якоб Бэнк арасындағы жекпе-жекте сарапқа салынады. Кездесу желтоқсан айында Данияның Копенгаген қаласында өтеді деп жоспарланған.