Орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) титулын қашан қорғайтынын және жалпы бокстағы жолы туралы айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
"6 жасымда қолғап киіп едім, міне 27 жылдан бері рингте жүр екем! Бір іспен тұрақты түрде 27 жыл айналысу да оңай емес! 4 бұрышты рингте не көрмедік?! Әлі де көреріміз көп!
Рингті сағындық! Жанкүйерлердің де өнерімізді сағынып қалғанын білемін! Бұйыртса желтоқсанда әлем чемпионы титулымды қорғаймын", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы рингке желтоқсаннан ерте орала алмайды. Осы уақытқа дейін ол допингке қатысты ережені бұзғаны үшін жарыстардан шеттетілген.
Санкция салдарынан Жәнібек Әлімханұлы IBF чемпиондық белбеуінен айырылды. Алайда ол орта салмақтағы WBO титулын сақтап қалды.
Еске салсақ, былтыр желтоқсанда боксшының допинг-сынамасынан мельдоний табылған еді. Соның салдарынан WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған титул біріктіретін жекпе-жек өтпей қалды.
Кейін екінші сынама да тыйым салынған заттың барын растаған соң, қазақстандыққа қатысты ресми тергеу басталған болатын.
Жарнама