Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы промоутерлік саудадан кейін екінші орта салмақта WBO чемпионы Хамза Ширазбен жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Шираз бен Әлімханұлы жекпе-жек шарттарын анықтады
Хамза Шираз бен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы титулдық жекпе-жекті өткізу құқығы анықталатын WBO-ның промоутерлік саудасы кеше Сан-Хуанда (Пуэрто-Рико) өтті. Боксшылардың командалары - Queensberry Promotions пен Top Rank - келіссөздерге берілген мерзім ішінде ортақ мәмілеге келе алмады. Белгіленген мерзім 10 қыркүйекте аяқталған.
WBO ережесіне сәйкес, гонорардың бөліну үлесі жекпе-жектің өтетін жеріне байланысты болады. Егер кездесу Ұлыбританияда немесе бейтарап аумақта өтсе, Ширазға 75 пайыз, ал Әлімханұлына 25 пайыз тиесілі болады. Ал жекпе-жек Қазақстанда ұйымдастырылса, тараптардың үлесі 80 және 20 болып бөлінеді.
Сонымен қатар қаржылық шарттар Ширазды қанағаттандырмаса, Хамза чемпиондық белбеуден бас тартуы да мүмкін.
Әлімханұлының жаңа салмақ дәрежесіне өту жолы
Бұған дейін Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF чемпионы атанған. 2025 жылдың соңында қазақстандық боксшы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек болған. Алайда Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін жекпе-жек өтпей қалды.
Осыдан кейін IBF қазақстандық боксшыны чемпиондықтан айырды, ал WBO оны бір жылға шеттетіп, титулын сақтап қалды.
Жазда Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысып, орта дивизиондағы WBO белбеуін босатты. Арада бір ай өткенде ұйым оны жаңа салмақ дәрежесіндегі чемпиондық титулға міндетті үміткерлер тізіміне қосты.
Қыркүйектің басында қазақстандық боксшы WBO-ның екінші орта салмақтағы рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін Әлімханұлы екінші орында болып, Сауль "Канело" Альварестен кейін тұрған еді. Ал мексикалық боксшы WBC титулы үшін өтетін жекпе-жегіне байланысты рейтингтен шығарылды.
Жарнама