Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) екінші орта салмақтағы бұрынғы абсолют чемпион, мексикалық Сауль Канело Альвареспен (63-3-2, 39 KO) жекпе-жек өткізгісі келетінін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алайда оған дейін Әлімханұлы даниялық Якоб Банкпен (20-0, 11 KO) суперорта салмақта бос тұрған WBO титулы үшін жұдырықтасуы керек. Олардың жекпе-жегі 2027 жылдың 23 қаңтарында Данияның Хорсенс қаласында өтеді.
Қазақстандық боксшы жеңіске жететініне сенімді. Ол мамыр айында рингке қайта оралып, Канело мен Кристиан Мбилли (29-0-1, 24 KO) арасындағы айқас жеңімпазымен кездесуді жоспарлап отыр. Канелоның бұл кездесуі 31 қазан Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтеді, онда WBC титулы сарапқа салынады.
"Қаңтарда мен екінші орта салмақта чемпиондық белбеудің иегері атанамын. Мамырда "Канело" - Мбилли жекпе-жегінің жеңімпазымен жұдырықтасып, титулдарды біріктіргім келеді", - деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, екінші орта салмақтағы WBO белбеуі британиялық Хамза Шираздың Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартқаннан кейін бос қалған еді.
Әлімханұлы соңғы рет шаршы алаңға 2025 жылы сәуірде Астанадағы бокс кешінде шығып, бесінші раундта Ануэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірген. 2025 жылдың соңында ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен кездесуі керек болған, алайда қазақстандық боксшының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін жекпе-жек өтпей қалды. Нәтижесінде IBF оны чемпиондық белбеуінен айырса, WBO бір жылға дисквалификациялап, титулын өзінде қалдырды.
Жазда Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысып, WBO белбеуін босатты. Қыркүйектің басында қазақстандық боксшы WBO-ның екінші орта дивизион рейтингінде бірінші орынға көтерілді.