Орта салмақта IBF және WBO чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) өзінің басты мақсатын атады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлімханұлы әлеуметтік желіде бірнеше суреттен құралған коллаж жариялап, оны қысқа ғана "Менің мақсатым" деп қолтаңбалаған. Бұл тізімге WBC чемпионы доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) пен WBA белбеуінің иегері кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) бар. Осылайша, қазақстандық боксшы орта салмақтағы барлық белбеулерді біріктіріп, абсолют чемпион атануды көздеп отырғанын аңғартты.
Алайда жарияланымның ең қызық тұсы - екінші орта салмақта үстемдік етіп жүрген Сауль "Канело" Альварестің (63-2-2, 39 KO) суретінің болуы. Бұл Жәнібектің аты аңызға айналған заманауи боксшылардың бірімен жекпе-жек өткізу үшін салмақ дәрежесін көтеруге дайын екенін білдіретін сияқты.
Еске салайық, "Канело" - Қазақстанның тағы бір танымал боксшысы Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 KO) бұрынғы қарсыласы. Олардың трилогиясы бокс тарихына енді: алғашқы жекпе-жек тең нәтижемен аяқталды, қарымтада GGG даулы шешіммен жеңілді, ал үшінші кездесуде мексикалық боксшы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Енді Альварестің қарсыласы ретінде Қазақстаннан тағы бір үміткер - әзірге жеңіліс көрмеген Жәнібек Әлімханұлы болуы мүмкін.