Орта салмақта IBF және WBO чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) осы дивизионда WBC белбеуіне ие доминиканалық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 KO) тағы да үндеу жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлімханұлы Адаместі жекпе-жек келісімшартына қол қоюға шақырды.
"Карлосты көргендер бар ма? Ол жоғалып кетті. Егер көріп қалсаңыздар, оған айтыңыздаршы — жекпе-жекке келісімшартқа қол қойсын! Карлос, мен сенің үрейіңмін!
Ол күйзелісте! Ол тығырықта! Ол үндемей қалды. Себебі ол да, менеджері де біледі - келісімшарт олардың алдында жатыр", - деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.
Жәнібек Әлімханұлы кейінгі айқасын 5 сәуір күні Астанада өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутқа түсірген.
Ал Карлос Адамес ақпан айында британиялық Хамза Ширазбен (21-0, 17 KO) тең түсіп, өз белбеуін сақтап қалды. Айта кетейік, доминиканалық боксшының міндетті қарсыласы бар, ол қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO).