Али Ахмедов 17 нокауты бар америкалық "Құтырған төбетпен" жұдырықтасады

Сурет: Round By Round Boxing

25 жастағы қазақстандық боксшы Али Ахмедов (16-1, 12 КО) келесі жекпе-жегін 12 наурызда өткізеді,- деп хабарлайды Vesti.kz.

BoxRec мәліметінше, қазақстандықтың қарсыласы 33 жастағы америкалық Скотт Сигмон (34-14-1, 17 КО) болады. Он раундқа есептелген айқас АҚШ-тың Плант-Сити қаласындағы бокс кешінде өтеді.

Ахмедов кейінгі рет желтоқсанда Геннадий Головкин - Камил Шеремета андеркардында жұдырықтасып, эквадорлық Карлос Гонгорадан (18-0, 13 КО) жеңілген болатын. Бұл кездесуде екінші орта салмақтағы IBO белбеуі сарапқа салынған еді. Осы жеңілістен кейін Али әлемдік рейтингте құлдырады. 

Сигмон кейінгі рет 2019 жылы 20 қыркүйекте жекпе-жек өткізіп, 35 жастағы отандасы Лайонелл Томпсоннан жеңілді. Скотт жетінші раундта ары қарай жұдырықтасудан бас тартты.

Сигмонның лақап аты "Cujo" (Стивен Кинг романындағы құтырған төбет) екенін айта кетейік.