Бокс
Бүгін 10:50

Әлемдегі ең мықты боксшы Әлімханұлымен айқас туралы тосын мәлімдеме жасады

©Тұрар Қазанғапов

Үш салмақта әлемнің абсолют чемпионы болған америкалық боксшы Теренс Кроуфорд (42-0, 31 КО) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жекпе-жек өткізуді жоспарлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Атақты спортшының айтуынша, ол Әлімханұлы WBA титулын жеңіп алғаннан кейін онымен кездесуді көздеген. Алайда қазақстандық боксшының допинг дауына байланысты ол карьерасын аяқтау туралы шешім қабылдаған.

"Мен 160 фунтқа түсіп, тағы да тарих жасағым келді - алты дүркін чемпион атануды көздедім. Бірақ кейін Жәнібек допинг-тесттен өте алмады. Ол Лараны жеңіп, үш титулды біріктірер еді. Алайда оның допинг-тесті барлық жоспарды бұзды. Соған дейін "тағы да жасайын, мұны қайта жасай аламын" деген ой болған", - деді Кроуфорд Jai McAllister: BOXING & MMA YouTube арнасына берген сұхбатында.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы IBF және WBO титулдарының иегері ретінде 2025 жылғы 7 желтоқсанда WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лараға қарсы біріктіру жекпе-жегін өткізуі тиіс болған. Алайда кездесу алдында қазақстандықтың допинг-тесті оң нәтиже көрсетіп, жекпе-жек өтпей қалды.

Кейіннен IBF ұйымы Әлімханұлын чемпиондық белбеуден айырды және 2026 жылдың желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетті. Ал WBO оны бір жылға дисквалификациялағанымен, чемпиондық атағын сақтап қалды.

Айта кетейік, 2025 жылғы 17 желтоқсанда Теренс Кроуфорд карьерасын ресми түрде аяқтағанын жариялаған болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport