"Әлемді дүр сілкіндіру керек". Оскар Де Ла Хойя "Канело" - Головкин жекпе-жегі жайлы

Сурет: Bad Left Hook
Мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (53-1-2, 36 КО) ісін жүргізетін Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя карантин біте салысымен бокстың әлі де барын, оның өміршең екенін дәлелдеу қажеттілігі туып отырғанын түсіндірді, - деп хабарлайды vRINGe.com

Промоутердің ойынша, осы мақсатта қазақстандық Геннадий Головкинмен (40-1-1, 35 КО) айқас сияқты өте үлкен оқиға қажет. 

"Әлемді дүр сілкіндру керек. Сондықтан жекпе-жек өтуі қажет. Әлі де үлкен жекпе-жектер ұйымдастыра алатынымызды әлемге паш етуіміз міндет. Бокс бокс болып қалатынын көрсету қажет. Пандемияларға қарамастан, ол ары қарай да өмір сүретінін көрсету үшін. Бокс ықылым заманнан бар. Ары қарай да бола бермек, егер тек мықты жекпе-жектер жасап, ең мықты боксшыларды жұдырықтастырсақ. Ал "Канело" мен Головкин қарсылығынан үлкен ештеңе жоқ", - дейді Де Ла Хойя.