Қазақстандық боксшы Аида Әбікеева Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қазақстанның екі дүркін әлем чемпионы ширек финалда АҚШ боксшысы Мария Росендомен кездесті.
Қазақстандық спортшы жекпе-жек барысында басымдық танытып, барлық үш раундта да қарсыласынан дәл соққылар саны бойынша асып түсті. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.
Осылайша, Аида Әбікеева кем дегенде қола жүлдеге жетіп отыр.
Бұған дейін Әлем кубогының ширек финалында Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) және Виктория Графеева (60 келі) жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ Аида Әбікеева (65 келі) де жартылай финалға жолдама алды.
Ал Алуа Балқыбекова (51 келі), Лаура Есенгелді (70 келі) және Тимур Нұрсейітов (75 келі) өз жекпе-жектерінде жеңіліп, жарысты аяқтады.