Қазақстандық боксшы Нұрбек Мұрсал Нью-Дели (Үндістан) қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының 2025 жылғы Әлем кубогінің финалдық кезеңіндегі бірніші айқасында жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келі салмақтағы ширек финалда ол Қырғызстан боксшысы Ихтиар Нишоновты жеңіп, кемі қола жүлдеге жетіп отыр.
Енді финалға шығу үшін Нұрбек келесі айқасында украиналық Юрий Захарьевпен жұдырықтасады. Олардың жекпе-жегі 19 қараша күні өтеді.
Айта кетейік, бұл турнирдің екінші жарыс күніндегі Қазақстан құрамасының алғашқы жеңісі болды.
Бұған дейін Нұрзат Оңғаров (50 кг) үндістандық Сингх Джадуманиді жеңе алмады, Нұрсұлтан Алтынбек (55 кг) үндістандық Паван Бартвалдан жеңілді, Аман Қонысбеков (75 кг) өзбекстандық Жавохир Абдурахимовқа есе жіберді және Бекзат Таңатар (90 кг) үндістандық Навин Кумардан нокдаунға түсіп, ешқайсы жартылай финалға өте алмаған еді.
Әлем Кубогінің соңғы кезеңіне Қазақстан атынан сегіз ер және бес бұрымды боксшы қатысып жатыр.