Орта салмақта IBF және IBO чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) 2021 жылы екі жекпе-жек өткізбек, деп хабарлайды Vesti.kz.
Инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, Головкин WBA титулына ие жапониялық Риота Муратаның (16-2, 13 КО) Teiken Promotions компаниясындағы промоутерлерімен келісімге келді. Боксшылар 31 желтоқсан Жапонияда титулды айқас өткізеді.
Сонымен қоса, Головкин промоутерлері және Teiken Promotions DAZN платформасымен желтоқсанға дейін күзге таяу аралық жекпе-жектер өткізу мәселесін талқылады. Қазақстандық боксшы мен Муратаның қарсыластары әзірге белгісіз.
35 жастағы жапониялық чемпион 2019 жылдың желтоқсанынан бері рингке шықпады. Сондықтан оның командасы боксшы үшін карьерасындағы ең мықты қарсылас Головкинмен айқасар алдында аралық жекпе-жек өткізіп, Муратаны бабына келтіріп алмақ.
Ал Головкин командасы биыл мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (56-1-2, 38 KO) үшінші жекпе-жекке қол жеткізе алмайтындарын түсініп, жоғарыда айтқандай жоспарға көшті.