Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов туып-өскен қаласы Қарағанды облысындағы Шахтинскте жаттығуына мүмкіндік бермей отырғанын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz Tengri Sport сайтына сілтеме жасап.
Әлем чемпионынан ақы талап етті
Жасөспірімдер арасында бокстан әлем чемпионы және Астанада өткен Әлем кубогі кезеңінің алтын жүлдегері "Тентек" спорт кешені жаттығуға шектеу қойып, тіпті ақы талап етіп жатқанын мәлімдеді.
"Жаңа жылдан кейін мен Орал қаласынан Қарағанды облысының құрамасына ауысып, Шахтинск қаласында бапкермен бірге жаттыға бастадық. Алғашында жертөледе жұмыс істедік. Ол жерде тар: қабырғалар кішкентай еңсесі төмен. Сол себепті мен "Тентек" спорт кешеніне барып көрейік деп ұсыныс жасадым. Бірақ ол жерде бізге: "ақша төлеңдер" деді. Біз бапкеріммен бірге мың теңге төледік, ақша маңызды емес, бірақ спортшыларға деген қарым-қатынас қандай? Ақша төледік, бірақ бізге: "жаттығу тек бір сағат" деді. Бір сағат өтуге екі-үш минут қалғанда бізді қуып шығуға тырысты", – деді Аққалықов.
Уәде етілген пәтр әдеттегідей жоқ
Спортшы жаттығу жағдайларынан бөлек, тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісі үшін уәде етілген пәтерді әлі күнге дейін алмапты.
"2021 жылғы әлем чемпионатынан кейін маған Шахтинск қаласынан пәтер беріледі деп уәде етілген. Қазір анаммен және екі қарындасыммен бірге шағын пәтерде тұрамыз. Сол кезде қала әкімі Аскербек Халтанов болған (қазір – Мурат Қадырғанбеков – ред.). Төрт жыл өтті, әлі күнге дейін күтіп жүрміз", – деді боксшы.
Tengri Sport редакциясы жағдайға қатысты пікір алу үшін әкімдікке жүгінді. Шахтинск әкімдігі бұл мәселе шешілгенін мәлімдеді.
"Бұл жағдайда, жиі кездесетіндей, өзара түсінбеушіліктен болды. Спортшымен ашық әрі конструктивті әңгіме өтті - мәселе шешілді. Спорт кешенінің басшылығы әрдайым диалогқа ашық және біздің спортшылардың жағында. Біз аймақтың атын әлемге танытып жүрген әрбір спортшымен мақтанамыз және оларға қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндікті жасауға дайынбыз", – деп жауап берді Шахтинск қаласының әкімдігі.
Мәселе шешілгені не шешілмегені түсініксіз
Қазіргі уақытта демалыста жүрген боксшы расында әкімдік өкілдерімен байланыс орнағанын және мәселенің шешілгенін растады. Алайда нақты қалай шешілгені әзірге белгісіз.
Сонымен қатар, спортшының жеке бапкері Александр Насибулин (Шахтинск қаласында) бұл мәселенің шешілгенін растамады. Оның айтуынша, мұндай жағдай бірінші жыл болып тұрған жоқ.
"Спорт кешеніне бару туралы мен жергілікті спорт органдарына бірнеше рет жүгіндім, бірақ оны шешушден үнемі үзілді-кесілді бас тартады. "Тентек" кешенінің директоры Анарбек Жүнісов бокс залын каратистер мен бишілерге жалға беріп отыр. Онда Сабыржаннан бөлек, Азия чемпионы Расул Асанхановты да жаттығуға кіргізбейді", – деді Насибулин.
Александр Насибулин боксшылар қандай жағдайда жаттығуға мәжбүр екенін көрсететін бейнеролик жариялады. Кадрларда тар бөлме, ескірген құрал-жабдықтар мен жарық шамдарының жыпылықтап тұрғаны анық көрінеді.
Жарнама