Орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Адаместің айтуынша, бұл тек спорттық қызығушылық емес, жеке сипаттағы қарсыластық. Ол қазақстандықпен мүмкіндігінше тезірек қолғап түйістіргісі келетінін жеткізді.
Алайда Жәнібек Әлімханұлы рингке желтоқсаннан ерте оралмайды. Ол допинг дауына байланысты уақытша жарыстардан шеттетілген. Осы жағдайға байланысты ол IBF титулынан айырылып, бірақ WBO белбеуін сақтап қалды.
Адамес сұхбатында бұл жекпе-жектің неге жеке мәселе екенін де түсіндірді. Оның сөзінше, қарсыласы рингтен тыс жерде айтқан мәлімдемелерін дәлелдеуі тиіс екен.
«Бұл — мен үшін жеке мәселе. Ол айтқан сөздерін рингте дәлелдесін. Мен кез келген уақытта жұдырықтасуға дайынмын. Мен одан күштімін және жақсырақ боксшымын», – дейді доминикандық боксшы.
Айта кетейік, наурыз айында Карлос Адамес ұзақ үзілістен кейін рингке оралып, америкалық Остин Уильямсты төрешілердің шешімімен жеңіп, WBC титулын қорғады.
Еске салсақ, желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлы тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты табылған. Соның салдарынан Эрисланди Ларамен жоспарланған жекпе-жек өтпей қалды.
Жарнама