Индонезияның Джакарта қаласында 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатының әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектері аяқталды. Енді ерлер финалына дейінгі командалық есептегі құрамалардың орны белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
U-23 санатында Өзбекстан көш бастап тұр, Қазақстан – екінші
23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы көш бастады. Өзбекстандық боксшылар 6 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алды.
Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдемен екінші орынға орналасты.
Үздік үштікті 1 алтын, 4 күміс және 4 қола еншілеген Үндістан түйіндеді.
Алғашқы бестікке Жапония мен Моңғолия құрамалары да енді.
U-19 санатында да Қазақстан – екінші
19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы жүлделік есепте де көш басында Өзбекстан тұр. Бұл елдің құрамасы 4 алтын және 2 күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан құрамасы 3 алтын және 3 қоламен екінші орынға жайғасты.
Үшінші сатыда 2 алтын және 6 күміс жүлде иеленген Үндістан орналасқан.
Одан кейінгі орындарды Индонезия, Тайбэй, Жапония, Вьетнам, Қырғызстан, Таиланд, Тәжікстан, Оңтүстік Корея және Моңғолия құрамалары иеленіп тұр.
Алда – ерлер арасындағы финал
Бүгін, 16 шілдеде Азия чемпионатында ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасы алтын үшін күресін жалғастырып, жалпыкомандалық есептегі көрсеткішін жақсартуға тырысады.
Еске салайық, 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионаты 3-16 шілде аралығында Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы құрлық додасына екі жас санатында 39 боксшымен барған болатын.
Жарнама