Токио Олимпиадасынан кейін елге оралған боксшыға сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде екі бөлмелі пәтер берген. Алайда Олимпиада жүлдегеріне заңмен бекітілген баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті. Спортшыға 2021 жылдан бері мұны өз атына рәсімдей алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Бірінші бол" сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов сұхбатында айтты.
"Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатынан кейін маған Түркістаннан екі бөлмелі пәтер берді. Алайда ол жалдау құқығымен рәсімделді. Ал бұл келісім 2022 жылдың соңында аяқталды. Жалпы әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына үш бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді. Бапкерім Мырзағали Айтжанов бұл жағдайдан хабардар, бірақ ол кісіні бұл жайтқа кірістірімедім. Таяуда спорт қорының басшысы Азамат Қаршығаевқа бұл жағдайды айттым. Олар хат жазып, мәселені шешімін табуға көмектесеміз деп отыр. Ал, қазір келіп менен пәтерді босат десе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, берілген үйді мен атыма рәсімдей алмаймын", - деді әлем чемпионы.
Сәкен Бибосынов бұл жағдайды айта-айта жергілікті билікке әбден көңілі қалған. Себебі әкімдік маңындағылар танымал спортшыны тек "қатырамыз" деген сөзбен жылы шығарып салады екен.
"Токио олимпиадасында Түркістан облысы бойынша мен жалғыз жүлдегер атанған спортшы болдым. Ал облыс жұрты мені қуана қарсы алып, әкімдіктегілер сол кезде уәдені берді. Көп күттірмей баспана да берді. Әрине, үйлі болғанға бәрі қуанады. Алайда менің қуанымның соңы уайымға ұласты. Себебі рәсімдеу заң бойынша мүмкін емес. Тіпті Түркістан облысынан Олимпиада жүлдегеріне мәрттік танытатын еш кәсіпкер болмағаны да өкінішті. Әрине, менде үміт жоқ емес, бірақ жай ғана жарыстан орын алып келген спортшыға үй беріп жатқанда, менің жағдайым облыс үшін өте ұят нәрсе деп ойлаймын", - деді Сәкен Бибосынов.