Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жігіттер арасында алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алтын жүлде иегері U-19 санатындағы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бибарыс Әшірбай болды.
Финалда қазақстандық боксшы Жапония боксшысы Күнимицу Хонжомен қолғап түйістіріп, төрешілердің ортақ шешімімен таза жеңіске жетті - 5:0 . Осылайша, Бибарыс Азия чемпионы атанды.
Бұған дейін финалдық жекпе-жектерін Әділ Асканбай (50 келі) мен Ақжүрек Қалабай (65 келі) өткізген болатын. Әділ Асканбай финалда Өзбекстан боксшысы Өткізбек Нозқосымовқа 0:5 есебімен жол берсе, Ақжүрек Қалабай Оңтүстік Корея боксшысы Даехо Кангқа 2:3 есебімен есе жіберді. Осылайша, екі қазақстандық боксшы да Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.