52 жастағы америкалық Пол Яннуцци кәсіпқой рингке алғаш рет шығып рекорд тіркеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Вустер (Массачусетс, АҚШ) қаласында өткен бокс кешінде Яннуцци бірде-бір жеңісі жоқ 37 жастағы бразилиялық Лусиней Сантоспен қолғап түйістіріп, бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Осылайша, ол кәсіпқой рингте дебют жасаған жасы еі үлкен спортшы ретінде рекордтар кітабына енді. Осыған дейінгі рекорд тағы бір америкалық Дьюи Бозеллеге 11 жылдан бері тиесілі болып келген еді.
Осыған дейін әуесқойлар арасында тәжірибесі бар Яннуцци жекпе-жек алдында кәсіпқойда тек бір айқас өткізетінін мәлімдеді. Жекпе-жектен кейін де райынан қайтпады.
"Қарсыласымның қолы қарулы екен. Менің басымды жұлып ала жаздады. Алайда бүгінгі кеш мен үшін сәтті аяқталды. Бір жекпе-жек жеткілікті. Әйелім рингке тағы да шығуға рұқсат бермейді, - дейді Яннуцци.