Қазақстан құрамасының көшбасшы боксшыларының бірі Теміртас Жүсіпов Семейде өтіп жатқан ел чемпионатындағы бірінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақмола облысының намысын қорғап жатқан Жүсіпов шымкенттік боксшы Біржан Нұрымбетпен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен (5:0) жеңіске жетті.
37 жастағы Теміртас Жүсіпов – қазақ әуесқой боксының тірі аңызы. Ол – 2021 жылғы әлем чемпионы, 2013 және 2019 жылғы Азия чемпионы, сондай-ақ, 2015 жылғы WSB сериясының жеңімпазы, 2019 жылғы Әлемдік әскери ойындар чемпионы және 2021 жылғы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдегері. Сонымен бірге, Теміртас 8 мәрте Қазақстан чемпионы.