Екі жылдан кейін шаршы алаңға шыққан Данияр Елеусінов Астанада өткен "IBА Сhampions Night" бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңіске жетті. Отандасымыз Оңтүстік Африка Республикасынан келген Джабулани Макхенседен айласын асырды.
Боксшылар жоспарланған 6 раунд бойы жұдырықтасты. Шабуылда ширақ, қорғаныста мығым қолғап түйістірген қазақстандық боксшы қарсыласына мықтылығын мойындата білді. Төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіс Даниярға бұйырды.
2 жылдан кейін алғаш рет рингке шығып тұрмын. Шынымды айтсам, үйренісу оңай болмады. Көбірек шығып тұру керек. Оңай болмады. Қарсыласым да әлсіз емес. Жанкүйер болып қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Керемет жеңісім емес. Бұдан да жоғары нәтиже қолымнан келеді. Қазір менеджермен қиындықтар болып жатыр. Оңынан шешіледі деп ойлаймын. - деді Данияр жекпе-жек соңынан.
"IBА Сhampions Night" бокс кеші қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әлем құрамалары 4:4 есебімен тең түсті. Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Бекзад Нұрдәулетов пен Данияр Елеусінов жеңіске жетті. Өкінішке қарай, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов, Ерасыл Жақпеков пен Дулат Бекбауов қарсыласына есе жіберді.