Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан World Boxing ұйымы өткізген тарихи әлем чемпионатындағы жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ливерпуль (Англия) қаласында өткен әлемдік жарыста 19 жастағы Торехан 70 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды, ал оның ағасы Махмұт Сабырхан 55 келіде алтын жүлде жеңіп алды.
"Ағам маған жол көрсетті. Рингтегі оның сенімді қимылдарын өздеріңіз көрдіңіздер – ол барлық қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. Мен оның қарқынына куә бола отырып, сол қарқынды төмендеткім келмеді. Ағам салып берген жолмен жүруге бел будым. Аллаға шүкір, сол мақсатқа жеттім. Бапкерлеріміз Қайрат аға (Сатжановқа), Ильяс аға (Оралбековке) алғысымды айтқым келеді. Егер сол кісілер болмағанда, біз мұндай биіктерге жете алмас едік.
Бұл – біздің басты мақсатымыз болатын. Бұған дейін ешбір чемпионатта екі ағайынды бірдей алтын жүлде алмаған. Сол себепті тарихқа өз атымызды жазуды көздедік. Алланың қалауымен сол арманға жеттік", – деді Торехан Сабырхан World Boxing ұйымына берген сұхбатында.
"Жекпе-жек алдында Асыланбек аға (Шымбергеновпен) сөйлестім. Ол маған қарсыласымды соңымнан жүргізіп, өзіме жақындауын күту керегін айтты. Егер өзім алға ұмтылсам, ыңғайлы нысанаға айналатынымды ескертті. Асыланбек ағаның кеңесі көмектесті: өздеріңіз көрдіңіздер, мен орнымнан қозғалмай, оны өзіме тарттым. Неге бірінші раундты қарсыласқа берді – білмеймін, бірақ, мен бұған үйреніп қалдым. Әлем чемпионаты басталғалы мен барлық бірінші раундты беріп жүрмін. Бірақ өз қарқыныма сенемін. Сол қарқының арқасында жеңіске жеттім".
Біздің құрама – өте мықты. Жарыстың басында аздап қысым болды, бірақ біз берілмейміз. Алда әлі әлем чемпионаттары мен Олимпиада бар", – деді Сабырхан.