Вишневская бағындырған биіктік. Қазақ биатлонындағы тарихи сәт
Қазақстандық бұрымды биатлоншы Галина Вишевская Германияның Оберхоф қаласында өткен әлем кубогі барысында 12,5 шақырымға масс-старт бәсекесінде төртінші орын алып, сенсация жасады, деп жазады Vesti.kz. Бұл көрсеткіш қазақ биатлон тарихында соңғы 10 жылда тіркеліп отырған бірінші көрсеткіш.
Жалпы биылғы жылды семейлік сұлу үшін сәтті өтіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бірінші рет ол 27-қараша күні Эстерсунде өткен додада үздік ондықтың қатарынан көрінді. Сонсоң Қазақстан құрамасы сапында супермиксте бесінші орын алды.
Дәл осы Эстерсунде өткен әлем кубогінің бірінші кезеңінде 7,5 шақырымда сприт бағдарламасы бойынша сайыста отандасымыз барлық нысанда дәл көздеп, тоғызыншы орында аяқтаған еді.
Одан кейін Паклюка және Нове-Местода өткен кезеңдерде 41-орыннан төмен түскен жоқ. Ал, Оберхофте өткен әлем кубогінің төртінші кезеңінде 22-жастағы спортшымыз әзірге биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткішін көрсетті.
Алдымен, 7-қаңтар күні ол із қуалай жарысу сайысында (10 шақырым) оныншы орын алса, келесі күні масс-стартта (12,5 шақырым) төртінші нәтижемен аяқтады. Бұл сайыста отандасымыз соңғы нысана көздеу межесінде бір қателікке бой алдырып қойды. Әйтпесе, үздік үштіктің қатарына қосылатын жақсы мүмкіндігі бар еді.
Вишневскаяның бұл нәтижесі қазақ биатлонындағы ең үздік көрсеткіш. Соңғы он жылдың ішінде бірде-бір біздің отандасымыз әлем кубогінің кезеңін төртінші орында аяқтаған жоқ еді.
Әлем кубогінің төртінші кезеңінен кейін Галина Вишневская жалпы кестесінде 18-орында келеді. Ал, із қуалай жарысу сайысында 11-орында, спринтте 26-орында, жекелей сында 27-орында тұр.
Айта кетейік, биатлоннан әлем кубогінің бесінші кезеңі 11 және 15-қаңтар аралығында Германияның Рупольдинге қаласында өтеді.
Жарнама