Александр Бублик Мадрид қаласында өтіп жатқан АТР турнирінің екінші айналымында жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі 1/16 финалда канадалық Денис Шаповаловпен кездесіп, үш сеттің қорытындысы бойынша 6:4, 5:7, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Матч екі сағат 22 минутқа созылды. Бублик бұл ойында тоғыз эйс жасап, допты ойынға қосу кезінде алты рет қателесті. Сондай-ақ ол 14 брейк-пойнттың үшеуін өз пайдасына аяқтады.
Енді үшінші айналымда отандасымыз Диего Шварцман (Аргентина) - Аслан Карацев (Ресей) арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.