Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына тағы үш жолдама жеңіп алды

Мария Овчинникова. Фото: olympic.kz©️

Қазақстандық жеңіл атлеттер Токио Олимпиадасына үш лицензия жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы, атлеттер Қазақстан чемпионаты нәтижесі бойынша тиісті нормативті орындағаннан соң, қазақстандық жеңіл атлеттердің нәтижесін жариялады. Сол бойынша Мария Овчинникова, Кристина Овчинникова және Надежда Дубовицкая Қазақстан қоржынына үш жолдама қосты.

Мария Овчинникова үш қарғып секіру жарысының қорытындысы бойынша лицензия жеңіп алды. Спортшы 14,34 метр нәтижемен үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл нәтиже олимпиадалық стандарттан екі сантиметрден асып түседі (14.32). Кристина Овчинникова мен Надежда Дубовицкая биіктікке секіру лицензияларын жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, жеңіл атлетикадан бұған дейін ел құрамасында төрт жолдама болды. Олар: Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Григорий Шейко мен Айман Ратова (спорттық жүріс) және Жанна Мамажанова (марафон).

Ал жалпы есепте Қазақстан қоржынында спорттың 25 түрінен 66 жолдама бар.

 

Метки:
Жаңалықтар