Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының тарихында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл Орегондағы (АҚШ) әлем чемпионатында болды. Тарихи жетістіктің авторы - қазақстандық спортшы Нора Джеруто. Ол 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден бірінші орын алды. Нора қашықтықты 8:53,02-де жүгіріп шықты.
Осылайша, Қазақстан жеңіл атлетика тарихында әлем чемпионатында алғаш рет алтын медаль иеленді.
Екінші және үшінші орындарды Эфиопия өкілдері Веркуха Гетачью (8:54,61) мен Мекидес Абебе (8:56,08) иеленді.
Еске салайық, Кенияның тумасы Джеруто Қазақстанға 2017 жылы көшіп келген. 2022 жылы ол әлем чемпионатында Қазақстан атынан шығуға ресми рұқсат алған.