"Мүмкіндік болса, ел үшін неге күреспеске...". Елдос Сметов келесі Олимпиада туралы
Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына алғашқы жүлдені алып келген Елдос Сметов елге оралды. Алматы әуежайына қонған ұлттық құрама мүшесін жақын туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды. Ұшақтан түсе сала Сметов Vesti.kz тілшісіне Жазғы ойындардан алған әсерін бөлісті.
Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына алғашқы жүлдені алып келген Елдос Сметов елге оралды. Алматы әуежайына қонған ұлттық құрама мүшесін жақын туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды. Ұшақтан түсе сала Сметов Vesti.kz тілшісіне Жазғы ойындардан алған әсерін бөлісті.
- Елдос, Олимпиададағы кезекті жетістігіңізбен құттықтаймыз! Көптен күткен жарысқа қандай баға бересіз?
- Құттықтауларыңызға рақмет! Бұл жарысты бес жыл күттік. Өкінішке қарай пандемия көп қиыншылықтар алып келді. Спортшыларға да кері әсерін тигізбей қоймады. Соған қарамастан Олимпиада ойындарында барымды салып күрестім. Бірақ бұйырғаны қола медаль болды. Дегенмен бұл жүлдемді халқым алтынға теңеп жатыр. Елім, жерім риза болса жеткілікті. Әрине екі Олимпиадаға қатыстым. Екеуінде де мақсатым алтын алу болған. Алайда шүкіршілік етемін.
- Елдос, алдағы мақсатыңыз қандай? Келесі 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына қатысасыз ба?
- Шынымды айтсам мен үшін төртжылдықтың жарысы енді аяқталды. Сондықтан әлі өз-өзіме келіп үлгермедім. Қазір демалыс алып, денсаулығымды түзеймін. Осыған дейін жиналып қалған жарақаттарымды емдеймін. Егер бәрі жақсы болып күресуге мүмкіндік болып жатса неге ел үшін, жер үшін күреспеске? Спорттық карьерамдағы басты арманым - Олимпиаданың алтынын алу.
- Бұл жарыс осыған дейінгі Олимпиадалардан ерекше өтіп жатыр. Пандемияға байланысты көптеген шектеу болды. Осыған орай қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
- Расымен қиыншылықтар болды. Бұрынғыдай емін-еркін жүре алмайсың. Күн сайын ПТР тестін тапсырып жатсақ та, бетперде киіп жүруің керек. Одан кейінгі мәселе, біз әрдайым жанкүйерлердің қатысуымен күресіп үйреніп қалғанбыз. Олардың қолдауын сезінетінбіз. Жанкүйерлердің арқасында татами төрінде мотивация алып үйренгенбіз. Оның үстіне дзюдо футболдан кейін әлемде жанкүйерлер ең көп тамашалайтын спорт түрлерінің бірі. Жалпы Олимпиаданың жанкүйерсіз өтуімен турнирдің сәнін кетіргені рас.
Еске салайық, Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы қола жүлдені салды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол голландиялық Торнике Тсакодеодан басым түсті.
Жарнама