Бокстан Қазақстан кұрамасының мүшесі әрі команданың ту ұстаушысы Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасы қарсаңында ойын бөлісті. Боксшы олимпиадалық ауылдағы ұйымдастыру деңгейі жоғары екенін алға тартты, деп жазады Vesti.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
"Көптен күткен Токио Олимпиадасының да басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде Қазақстан командасы Жапония жеріне табан тіреді. Мұнда коронавирус инфекциясына байланысты тыйым өте көп. Ережелердің бәрін сақтап жүрміз. Бірнеше рет ПТР тест тапсырып, деніміздің сау екенін қайта-қайта дәлелдеуге міндеттіміз. Қауіпсіздікті сақтау үшін көп көңіл бөлінуде. Қазіргідей пандемия жағдайында бұл өте дұрыс қадам деп есептеймін.
Кеше команданың алғашқы жаттығуы өтті. Бәрі де көңілден шығады, бәрі де жоғары деңгейде. Көңіл-күйіміз де тамаша. Бапкерлер бізді бұл додаға жақсы дайындады. Осы орайда, барша қазақстандық жанкүйерлерді біздің команданы қолдауға шақырамын. Сіздердің қолдауларыңыз мұндай маңызды сәтте аса қажет", - дейді бокстан команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев.
Айта кетелік, Қамшыбек бокстан аса ауыр салмақта сынға түседі.