Қазақстанда кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа кезеңі басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде "Қазақстан спорт державасы болуға тиіс" деп қадап айтқан болатын. Осы стратегиялық мақсат аясында еліміздің өңірлерінде халықаралық стандарттарға сай келетін ірі спорт нысандары салынып, жас таланттарға қолдау көрсету шаралары күшейтіліп жатыр.
2025 жылдың сәуір айында Азамат Үсенбеков Қазақстанның Ұлттық Садақ ату федерациясының президенті болып сайланды. Содан бері отандық садақшылар халықаралық аренада бірқатар тарихи нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан спортшылары Азия кубогы, Азия чемпионаты мен әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды. Параспортшыларымыз да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Федерация басшысының айтуынша, ұйымның жұмысы ұлттық құраманың жоғары нәтижелерге қол жеткізуімен ғана шектелмейді. Сонымен қатар бұл спорт түрін елімізде жүйелі түрде дамытуға басымдық беріліп отыр. Негізгі міндеттердің қатарында өңірлік федерацияларды нығайту, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру бар.
Қол жеткізген жетістіктер, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Қазақстанның садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсенбековпен болған кең көлемді сұхбатымызды ұсынамыз.
- Азамат Есентайұлы, 2025 жылы Қазақстанның ұлттық садақ ату федерациясының президенті болып тағайындалдыңыз. Осы уақыт аралығында қандай маңызды нәтижелерге жеттіңіздер?
- Ең алдымен, әрбір спорттық жетістіктің артында спортшылардың, жаттықтырушылардың, федерацияның, мемлекеттік басқару органдарының және спорттың дамуына қолдау көрсететін барлық ұйымның бірлескен еңбегі тұрғанын атап өткім келеді.
Соңғы уақытта қазақстандық садақшылар тарихи нәтижелерге қол жеткізді. 2025 жылдың маусым айында Сингапурда өткен Азия кубогында ұлттық құрамамыз екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін де қазақстандық спортшылар бұл жарысқа қатысып жүргенімен, мұндай нәтижеге қол жеткізе алмаған еді.
2025 жылдың қыркүйегінде өткен әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз қола медаль иеленді. Бұл - маңызды жетістік. Өйткені Қазақстан садақ атудан әлем чемпионатының жүлдесін 32 жыл бойы күткен болатын! Сол жылдың қараша айында Азия чемпионатында спортшыларымыз алтын медаль жеңіп алды.
Параспортшыларымыздың жетістіктерін де ерекше атап өткім келеді. 2025 жылдың шілдесінде пара садақ атудан өткен Азия чемпионатында Қазақстан өкілдері қола медаль иеленді. Бұл біздің спортшыларымыз үшін тарихи жетістік болды.
2026 жылдың наурыз айында Азия кубогында ұлттық құрамамыз үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Сол айда параспортшыларымыз пара садақ атудан өткен беделді халықаралық турнирде күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал мамыр айында өткен "Вероника кубогында" қазақстандық спортшылар қоржынға екі алтын, бір күміс және үш қола медаль салды.
Бұл нәтижелер Қазақстанның садақ атудан әлемнің үздік спортшыларымен бәсекеге түсуге қабілетті екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне және Спортты дамыту дирекциясына садақ ату спортын үнемі қолдайтыны үшін алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ садақ атуды дамытуға елеулі үлес қосып жүрген меценаттардың еңбегін атап өткен жөн. Олар спортшыларға қолдау көрсетіп, дайындық пен халықаралық жарыстарға қатысу үшін қажетті жағдайлар жасауға көмектесіп келеді.
Жергілікті атқарушы органдардың, өңірлік спорт басқармаларының, облыстық федерациялардың және жаттықтырушылар қауымдастығының жұмысы да маңызды рөл атқарады.
Сондықтан қол жеткізген жетістіктерді тек республикалық федерацияның жұмысымен байланыстыру дұрыс болмас еді. Әрбір медальдің артында көптеген адамның еңбегі мен ұйымдардың қолдауы тұр.
Біздің басты міндетіміз – көрсетілген қолдауды тиімді пайдалану, спортшыларға қажетті жағдай жасау және халықаралық жетістіктердің елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың заңды нәтижесіне айналуын қамтамасыз ету.
- Федерацияны дамытудың қазіргі кездегі басым бағыттары қандай? Қазақстанда садақ атуды одан әрі дамыту үшін қандай міндеттер қойдыңыздар?
- Ұлттық құраманың әлеуеті өңірлердегі спорттың қаншалықты дамығанына тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз. Егер баланың тұрақты жаттығуға мүмкіндігі болмаса, қажетті спорт нысандары, құрал-жабдықтар мен білікті жаттықтырушылар жетіспесе, ұлттық құраманы сапалы спортшылармен тұрақты түрде толықтыру қиынға соғады.
Сондықтан негізгі бағыттарымыздың бірі - өңірлік федерациялардың жұмысын нығайту.
Қазіргі уақытта федерация құрамында 17 өңірлік филиал жұмыс істейді. Әзірге Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында филиалдар әлі ашылмады. Басты мақсат - еліміздің барлық өңірін қамту.
Бұл ретте біз үшін филиал басшысын тағайындау ғана маңызды емес. Ең бастысы - жергілікті жерлерде садақ атудың дамуына нақты ықпал ететін, нәтижелі жұмыс істейтін жүйе қалыптастыру.
Осы бағытта кәсіпкерлерді және садақ атуды дамытуға күш-жігері мен ресурстарын жұмсауға дайын, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды жұмысқа тартудамыз.
Сонымен қатар жаттығу базаларын дамыту, спортшыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жаттығу жасауға толыққанды жағдай жасау мәселелерімен айналысып жатырмыз. Бұған қоса, федерация халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды қаржылай ынталандыру тәжірибесін енгізді.
Әрбір спортшы өзінің еңбегі бағаланатынын, жетістігі ескерусіз қалмайтынын және федерация оның әрі қарай дамуына мүдделі екенін сезінуі керек.
- Спортшыларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі қаншалықты өзекті?
- Садақ атуда спорттық құрал-жабдықтың сапалы әрі заманауи болуы өте маңызы. Жоғары нәтиже көрсету үшін жабдықтың дәлдігі, техникалық сипаттамасы және спортшының жеке ерекшеліктеріне көп нәрсе байланысты.
Тіпті садақ пен жебенің өзі бірнеше параметрі бойынша ерекшеленеді. Олардың салмағы, ұзындығы, қаттылығы және басқа да сипаттамалары ескеріледі. Сондықтан спортшыларды жабдықтауға формалды түрде қарауға болмайды.
Федерацияның, өңірлік филиалдардың және демеушілердің қолдауының арқасында ұлттық құраманың бес жылға жуық уақыт бойы іс жүзінде жаңартылмаған спорттық құрал-жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік туды.
Бұдан бөлек, спортшылардың дайындық кезеңінде қажетті дәрумендік кешендермен қамтамасыз етілуін қоса алғанда, олардың толыққанды қолдау алуына көңіл бөлеміз.
Алайда ірі жарыстарға дайындық тек құрал-жабдық пен оқу-жаттығу жиындарынан тұрмайды. Медициналық бақылау, денсаулық жағдайын қадағалау, психологиялық дайындық және ұйымдастырушылық мәселелер де маңызды.
Спортшының халықаралық аренадағы әрбір жарысқа қатысуының артында көрермен көбіне байқай бермейтін орасан зор еңбек жатыр. Біздің міндетіміз - спортшының жаттығуға және жарысқа барынша көңіл бөлуіне мүмкіндік беретін жағдай жасау. Балалар мен жасөспірімдер спортына да ерекше назар аударып отырмыз. Бұл - стратегиялық бағыттарымыздың бірі. Мамандарымыз U-15 және U-18 жас санаттарындағы спортшыларға арналған арнайы лиганы әзірлеп, іске қосты. Біз үшін бұл жай ғана жарыс ұйымдастыру емес, ұлттық құраманың болашақ резервін қалыптастырудың маңызды тетігі. Бала бір жыл бойы жаттығып, тек Қазақстан чемпионатында ғана бақ сынамауы керек. Оған тұрақты жарыс тәжірибесі, өз нәтижелерін қатарластарымен салыстыру және спорттық шеберлігін біртіндеп арттыру мүмкіндігі қажет. Лига жарыстарды жүйелі түрде өткізуге, өңірлер арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және жаттықтырушыларға болашағынан үміт күттіретін спортшыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе шалғай өңірлердегі дарынды балалардың да өз қабілетін көрсетуіне мүмкіндік жасау маңызды.
Кейде шағын қалада немесе ауылда өте қабілетті спортшы өсіп келе жатады. Алайда тұрақты жарыстар мен қажетті жағдайлардың болмауынан оның әлеуеті толық ашылмай қалуы мүмкін. Біз осы жағдайды өзгерткіміз келеді. Мақсатымыз - спортшының өсу жолын айқын көрсететін жүйе қалыптастыру: U-15, U-18, U-21, одан кейін ұлттық құрама. Егер бала алдында нақты мақсат пен даму мүмкіндігін көрсе, оның спортқа деген ынтасын сақтау жеңілдейді. Ал жаттықтырушы ұзақ мерзімді дайындық бағдарламасын жүйелі түрде құра алады. Алдағы жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін.
Бүгінде бізге дайын спортшыларды іздеумен ғана шектелмей, оларды бала кезінен бастап өзіміз тәрбиелейтін жүйе құру қажет.
Лига еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас садақшылардың нәтижелерін тұрақты бақылауға, болашағынан үміт күттіретін балаларды анықтауға және жастар құрамаларының резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Келесі кезең – жас санаттары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету. Яғни жасөспірімдер спортынан ересектер спортына өту спортшы үшін еңсерілмейтін кедергіге айналмауы керек. Психологиялық дайындықтың да маңызы зор. Халықаралық жарыстарда спортшы мықты қарсыластармен, жоғары бәсекелестікпен және үлкен эмоционалдық қысыммен бетпе-бет келеді. Мұның бәріне алдын ала дайындалу қажет. Сондықтан лига – болашақ чемпиондарды ұзақ мерзімді даярлау жүйесінің алғашқы кезеңі. Біздің үмітіміз – бүгінде U-15 санатында өнер көрсетіп жүрген спортшылардың бес-жеті жылдан кейін Азия және Әлем чемпионатында, сондай-ақ Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын абыроймен қорғауы.
- Сіздің бастамаңызбен федерация мектептерде тегін садақ ату секцияларын ашу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Осы жоба туралы толығырақ айтып берсеңіз.
- Ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер үшін садақ атуды қолжетімді етуіміз қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ірі қалаларындағы мектептерде садақ ату секцияларын ашу бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Алғашқы секциялар Астанада ашылды. Бұл - маңызды қадам. Өйткені баланың спортпен танысуы мүмкіндігінше ерте басталып, көпшілік үшін қолжетімді болуы керек.
Біз баланың мамандандырылған спорт мектебінде оқитынына немесе қарапайым жалпы білім беретін мектепке баратынына қарамастан, садақ атуда өзін сынап көруіне мүмкіндік бергіміз келеді. Алдағы уақытта академиялық бағытты да дамытуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің жанынан садақ ату академиясын ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мұнда тек спортшыларды даярлау туралы емес. Сонымен қатар кәсіби білім беру ортасын дамыту, білікті мамандар даярлау және спорт түрінің ғылыми-әдістемелік базасын нығайту мәселелері де қамтылады.
Мақсатымыз - садақ атуды мектеп секциясынан бастап кәсіби спортқа және білікті мамандар даярлауға дейін кешенді түрде дамыту.
- Бүгінде Қазақстанда садақ атумен қанша спортшы айналысады?
- Федерацияның қолда бар мәліметтеріне сәйкес, оның құрамында 1207 спортшы мен 95 жаттықтырушы тіркелген. Спортшылардың арасында 163 ересек садақшы, 21 жасқа дейінгі 964 спортшы және мүмкіндігі шектеулі 80 спортшы бар. Классикалық және блокты садақ атудан ұлттық құрама сапында 158 спортшы тіркелген. Оның 100-і классикалық садақпен, ал 58-і блокты садақпен өнер көрсетеді.
Бұдан бөлек, параспорт бағытында 48 спортшы бар. Олардың 20-сы классикалық садақпен, 28-і блокты садақпен жаттығады. Бұл көрсеткіштер садақ атудың елімізде одан әрі жүйелі түрде дамуына әлеуеті бар екенінің дәлелі.
Сонымен қатар садақ атудың географиясын кеңейту, спортшылардың санын арттыру, жаңа жаттықтырушыларды тарту және өңірлерде спорт мектептерінің ашылуына жағдай жасау қажеттігін түсінеміз.
Біз үшін статистикалық көрсеткіштерді көбейту ғана емес, әрбір спортшының өз қабілетіне сай дамуына мүмкіндік беретін толыққанды жүйе қалыптастыру маңызды.
- Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарындағы Қазақстанның садақ атудан ұлттық құрамасының өнерін қалай бағалайсыз?
- Азия ойындарында Қазақстан классикалық және блокты садақ атудан бақ сынады. Жарыс форматына сәйкес, еліміздің намысын әр дисциплинада үш ер және үш әйел спортшыдан, жалпы саны 12 садақшы қорғады.
Жарысқа дайындық бірнеше кезеңнен тұрды. 18 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында ұлттық құрама Алматы облысының Қарасай ауданындағы Олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Одан кейін федерация мен Спортты дамыту дирекциясының қолдауымен спортшылар 5-22 қыркүйек аралығында Сеулде өткен оқу-жаттығу жиынына қатысты. Біз спортшылардың Азия ойындарына барынша дайын болу үшін жаттығуларды тиісті деңгейде ұйымдастыруға тырыстық.
Әрине, садақшыларымызды жеңіс тұғырынан көреміз деп үміттендік. Өкінішке қарай, бұл жолы нәтиже күткеніміздей болған жоқ. Алайда бұл спорт: әр жарыс - медаль алумен аяқталмайды. Ең маңыздысы – спортшылардың өнерін объективті бағалау, жіберілген қателіктерді талдау. Еліміздің намысын қорғап, бар күш-жігерін салған барлық спортшымызға алғыс айтамын. Олардың әрқайсысы үлкен дайындық кезеңінен өтіп, бар мүмкіндігін көрсетуге тырысты. Жарыста кеткен кемшіліктерге көз жұма қарамаймыз. Команданың көрсеткен нәтижесін жан-жақты талдап, жаттықтырушылармен бірге проблемалық тұстарды анықтап, дайындыққа қажетті түзетулер енгізуіміз керек. Біреулер үшін Азия ойындарындағы бесінші орын жақсы нәтиже болып көрінуі мүмкін. Десекте, біздің мақсатымыз - медаль үшін күресу!
- Азия ойындарында медальдің болмауы дайындық тәсілдерін қайта қарауға себеп бола ма?
- Кез келген ірі жарыс талдау жасауға және жаңа шешімдер қабылдауға негіз болуы керек.
Федерацияның бүкіл жұмысын бір ғана турнирдің нәтижесімен бағалай алмаймыз. Ұзақ мерзімді даму динамикасын, дайындық сапасын, бәсекелестік деңгейін және спортшылардың өсуін ескеру қажет.
Сонымен бірге күткен медальдардың болмауы нәтижеге байыппен талдау жасауды талап етеді.
Қандай шешімдердің тиімді болғанын, қай тұста қателіктер жіберілгенін және қандай бағыттарды күшейту керектігін анықтауымыз қажет. Біздің міндетіміз - кінәлілерді іздеу емес, мәселенің шешімін табу.
Алдыда жаңа халықаралық жарыстар, әлем чемпионаттары және Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық тұр.
Біз спортшыларымызға сенеміз. Жүйелі жұмыс, нәтижелі дайындық және қажетті қолдау болған кезде спортшыларымыз бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады.
Медальға жету жолы көпжылдық еңбекті, тәртіпті және орасан зор табандылықты талап ететінін түсінеміз. Жаттықтырушылар штабы қазақстандық садақ атуды дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін бар күшін салады деп сенемін.
Бүгінде біз нәтижені жекелеген спортшылардың жетістігіне ғана емес, бүкіл спорт саласының жүйелі жұмысына негіздейтін тұрақты жүйе қалыптастырып жатырмыз. Федерация барлық мәселені өз бетінше шеше алмайды. Сондықтан Үкіметпен, Туризм және спорт министрлігімен, Спортты дамыту дирекциясымен, жергілікті атқарушы органдармен, өңірлік спорт басқармаларымен, демеушілермен және серіктестермен бірлескен жұмысты жалғастыруымыз қажет.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанда садақ атуды дамытуға қолдау көрсетіп жүрген барша азаматтарға алғыс айтқым келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында болашақ жеңістердің берік негізін қалыптастыра алатынымызға сенімдімін. Ең басты міндетіміз - баладан чемпионға дейінгі жүйені қалыптастыру. Біз осы мақсатқа қарай жүйелі түрде қадам басып келеміз!