Өмірін боксқа арнаған Біржан. Жақыпов карьерасын аяқтады
13 жыл бойы шыбын салмақ, яғни 49 келіге дейінгі салмақта әуесқойлар арасында Қазақстанның бірінші нөмірлі боксшысы болып келген Біржан Жақыпов спорттық карьерасын аяқтады.
13 жыл бойы шыбын салмақ, яғни 49 келіге дейінгі салмақта әуесқойлар арасында Қазақстанның бірінші нөмірлі боксшысы болып келген Біржан Жақыпов спорттық карьерасын аяқтады.
32 жасына дейін бокстың қолғабын серік еткен серкеміз биыл карьерасын аяқтап, Шымкент қалалық бокс мектебі директорының орынбасары болып тағайындалыпты.
Біржан Жақыпов – қазақ боксшылары арасында үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан жалғыз боксшы. Бірақ, Олимпиада алтынын шымкенттік боксшы қанша қуғанымен, өкінішке қарай, уысына түсіре алмады.
Жақыповты ел алғаш рет 2005 жылы таныды. Мяьнмада өткен ересектер арасындағы әлем біріншілігінде 23 жасында қола жүлде олжалаған еді. ХІІІ-рет өткен әлем чемпионтының жартылай финалында отандасымыз үндістандық Пал Бедактан жеңіліп қалып, алтынға қол созым жерде тоқтады.
Одан кейін Біржанн Чикагода өткен әлем чемпионатында бағын сынады. Дәл осы дүбірлі додада оның даңқты қытайлық Зоу Шиминмен айқасы басталып, жеңілген еді.
2011 жылы Әзірбайжанның Баку қаласында өткен әлем біріншілігінде де Біржан бірінші айналымды бағындыра алмады. Бұл жолы оны кубалық Йосвани Вейта жарыстан шығарған тұғын.
Отандасымыздың жұлдызы Алматы төрінде өткен әлем чемпионатында жанды. "Балуан Шолақ" атындағы спорт сарайында өткен әлемдік додада Біржан қарсылас шақ келтірмеді.
Бірінші жекпе-жегінде ресейден келген Белик Галановты ұтса, одан кейін өзбек өрені Хасанбай Дусматовтан айласын асырды. Ширек финалда Энтони Чаконмен кездесуіп, мұхит асып келген боксшыдан айласын асырса, жартылай финалда ескі қарсыласы Йосвани Вейтаны жеңді. Финалдық жекпе-жекте Алжирден келген Мохаммед Флиссидің мысын басып, алғаш рет әлем чемпионатының алтынын мойнына тақты.
Олимпиада ойындарына Жақыпов алғаш рет 2008 жылы қатысты. Бейжіңде өткен төртжылдықтың басты додасы Біржан үшін сәтті бола қоймады. Негізі турнирді сол кезде 25-ке толып жатқан боксшымыз жап-жақсы бастаған. Бірінші және екінші айналымда Пал Бедак пен Оганес Даниляннан үстем түскен. Бірақ, соқыр жеребе 1/8 финалда Біржанның жолын тағы Зоу Шиминмен түйістірді. Бұл жолы да шымкенттік өреннің жолы болмай, екінші рет қытайлық боксшыдан жеңілді.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада да тура төрт жыл бұрын болған оқиға қайталанды. Біржан бұл жолы да екі боксшыдан еркін өткен. Алайда, ширек финалда Шимин отандасымызды тағы да жеңіп кетті.
Қазақта қуған жетпес, бұйырған кетпес дейді. Расында, Жақыповқа Олимпиаданың алтыны бұйырмапты. Оны аламын деп батырымыз Риоға да барған еді. Бірақ, бұл жолы да ширек финалда сүрінді. Өзбек өрені. Баяғы танысы. Хасанбай Дусматов жеңіп кетті. Міне, осылайша Біржан қанша ұмтылғанымен Олимпиаданың алтынын уысына түсіре алмады.
Олимпиаданың алтынын алмады демесек, Біржанда басқа барлық турнирлердің ең жоғары санаттағы жүлделері бар. Тарқатып айтсақ, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем кубогының қола жүлдегері, ҚР Президенті кубогының, Таиланд королі кубогының, "Химиктер кубогының" ("кіші әлем чемпионаты") жеңімпазы.
Әрине, өмір Олимпиада ойындарымен бітпес. Алда талай арман, мақсат бар. Бастысы, өмірде өз жолын тапқан адамға бір кісілік орын бар әрдайым. "Артымнан ерген інілерге бар білгенімді үйретемін",- дейді өзі. Рас, енді шәкірт үшін шырылдайсың. Ал, біз тек тілекшіміз. 13 жыл шыбын салмақта сүйрегенің үшін рақмет, Біржан!
Жарнама