Любительский бокс
16 шілде 2021 14:27

Олимпиадаға алтынға үміткер боксшылардың бірі бармайтын болды. Ол Сәпиев және Елеусіновпен кездескен

Сурет: lacalle.com.ve

Бокстан Венесуэла құрамасының капитаны Габриэль Маэстре Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты. 

34 жастағы Маэстре біздің Абылайхан Жүсіпов өнер көрсететін 69 келінің басты фавориттерінің бірі еді. Бірақ ол кәсіпқой бокстағы жекпе-жегіне байланысты Олимпиада ойындарына барудан бас тартты. 

Маэстре кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін 7 тамызда Миннеаполис (АҚШ) қаласында өткізеді. Premier Boxing Champions компаниясы ұйымдастыратын кештің басты жекпе-жегінде оның қарсыласы канадалық Коди Кроули (19-0, 9 КО) болады. Боксшылары жартылай орта салмақтағы WBA белбеуінің уақытша чемпиондық атағын сарапқа салады. 

Венесуэлалық боксшының айтуынша, ол Олимпиададан бас тарту туралы шешімді ұзақ ойланып барып шығарған. Сөйтіп кәсіпқой бокстағы карьерасына ден қоюды жөн санапты. 

Маэстре - 2012 және 2016 жылдарғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Екі Олимпиада ойындарында да ол ширек финалға дейін жеткен. Лондонда Габриэль Серік Сәпиевтен жеңілсе, Рио-де Жанейрода Данияр Елеусіновтен ұтылып қалған. Тәжірибелі боксшы 2013 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Сондай-ақ, 2015 жылғы Панамерикалық ойындардың және 2018 жылғы Оңтүстікамерика ойындарың жеңімпазы. 

Енді Габриэль Маэстре орнына Олимпиада ойындарына аргентиналық Брайан Остин Аррегуи барады. 

Айта кетейік, Токиода бокстан жарыс 24 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.