Олимпиада чемпионын нокдаунға түсірген Бекзат финалға шықты

kfb.kz
Бокстан Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 81 килоға дейінгі салмақта Бекзат Нұрдәулетов финалға шықты. Отандасымыз жартылай финалда әйгілі кубалық боксшы Хулио Сесар Ла Крусты айқын ұтты.

Қазақстандық боксшы төрешілер шешімі бойынша 4:1 есебімен жеңіске жетті. Тіпті екінші раундта жойқын соққыларымен бір есеңгіретті де. Нокдаун ашылып, Хулионың есін жиюға мүмкіндік берілді. Жекпе-жек соңына қарай бостандық аралының өкілі белсене түсті. Бірақ Бекзат қорғаныста сәтті жұдырықтасып, шабуылда ширақ қимылдады. Қарсыласының атағынан қаймыққан жоқ. Осылайша қазақ боксшылары арасында бірінші болып финалға шықты.

Хулио Сесар Ла Крус 2016 жылғы Олимпиада чемпионы. 2011, 2013, 2015 және 2017 жылдары  әлем чемпионы атанған.

Айта кетейік, осыған дейін шаршы алаңға көтерілген Сәкен Бибосынов, Тұрсынбай Құлахмет, Василий Левит пен Абылайхан Жүсіпов қарсыластарына есе жіберіп, қола жүлдегер атанған. Алда ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға көтеріледі.
Метки:
Жаңалықтар