Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері әлем чемпионатына баратын боксшылар туралы айтты
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Vesti.kz тілшісіне Сербияда өтетін әлем чемпионатына дайындық туралы айтып берді. Сондай-ақ, сұқбат барысында маман бұл әлем чемпионатына іріктеуге 50 боксшының шақыртылғанын, бірақ Белградқа тек екі құрам баратынын мәлімдеді.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Vesti.kz тілшісіне Сербияда өтетін әлем чемпионатына дайындық туралы айтып берді. Сондай-ақ, сұқбат барысында маман бұл әлем чемпионатына іріктеуге 50 боксшының шақыртылғанын, бірақ Белградқа тек екі құрам баратынын мәлімдеді.
Бұл әлем чемпионатының алдында Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен бірлесіп жаттығу жұмыстарын өткізуі керек еді. Алайда соңғы сәтте жоспар өзгеріп кеткен.
- Әлі нақты белгілі емес. Бірақ біз екінші оқу-жаттығу жиындарын Сербияда өткізгіміз келеді. Сол жаққа келіп үлгерген командалармен бірге жаттығамыз. Екі құрамды алып барамыз. Олардың қатарында тәжірибелі боксшылар да, жас боксшылар да болады. Жас боксшыларға бұл тәжірибе болатыны анық. Дегенмен олардың кейбірі де әлем біріншілігіне қатысып қалуы мүмкін. Ал жалпы құрамаға келсек. Әр салмақта екі боксшы болады. Сосын Белградта кімнің қатысатынын шешеміз.
- Ал бұған дейінгі әлем чемпионатына қатысқан тәжірибелі боксшылар ше? Олар қатыса ма?
- Қазір құрамада екі-үш өте тәжірибелі боксшылар бар. Мен олардың барлығымен сөйлестім. Бұл жаттығу жиындарына Сәкен Бибосынов келеді. Сонымен қатар, Абылайхан Жүсіп те болуы ықтимал. Екеуі де басқа салмақта өнер көрсетеді. Қамшыбек Қоңқабаев та келуі керек еді. Бірақ ол бүгін хабарласып, келмейтінін айтты. Негізі ол да бұл жиынға баруы керек болатын.
- Оқу-жаттығу жиындары қашан басталады?
- Ертең, 17 қыркүйек күні. 50 боксшы Түркістан облысындағы "Алматы" базасына келеді. Жаттығудың екінші кезеңі 10 және 22 қазан аралығында Сербияда өтеді.
- Әлем чемпионатында салмақ дәрежелері де басқаша. Мысалы, 86 келі, 92 келі және 92 келіден жоғары салмақ бар. Бұл салмақтарда боксшыларды қалай бөлесіз?
- Негізі бұрын 81 келіде өнер көрсететін боксшының таза салмағы 84-84 келі болады. Сондықтан 82 келі деген қиындық туғызбайды. Бұрын 81 келіде өнер көрсеткен жігіттер осы салмақта қалады. Қалған салмақта да дәл солай. 81 келіге екі боксшы бар. Олар - Сағындық Тоғамбай және Бек Нұрмағамбет. Бек қазір кәсіпқой бокста өнер көрсетеді. Бірақ біз оны құрамаға шақырамыз.
- Ал кәсіпқой бокста жүрген басқа қандай боксшыларды шақырасыз?
- Садриддин Ахмедовті. Бірақ қазір оның жағдайы белгісіз. Промоутері жібере ме, жібермей ме білмеймін. Тағы ағайынды Оралбайлар бар. Олардың біреуін 80 келіге, екіншісін 92 келіде көреміз. Ағайынды Төлтаевтар бар. Жакпековтерді де айта кетейік. Қарап отырсаңыз біздің құрамада егіздер және ағайындылар да бар. Барлығы мықты боксшылар. Осылардың ішінен іріктеп, әлем чемпионатына қатысатын боксшыларды анықтаймыз.
Жарнама