Бокстан Астана қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында жасөспірімдер санатындағы қыздарымыз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлдемен жарысты аяқтады. Жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді.
Аяжан Сыдық (54 келі), Толғанай Қасымхан (60) мен Алина Құдайгенова барлық қарсыласын айқын ұтып, Азия чемпионы атанды. Айым Таңқыбаева (46 келі), Сила Биболсынқызы (48), Ақбота Есімбекова (70) мен Аружан Зейноллаева (75) күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айша Сариева (52 келі), Айсұлу Мұхит (66), Құралай Егінбайқызы (80) мен Панар Сейітқанқызы (+80) қоржынға қола медальды салды.
Жасөспірім қыздар арасындағы жарыс қорытындысы бойынша Үндістан құрамасы көш бастады. Олар Астана шаршы алаңында 5 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Екінші орынды 4 алтын, 5 күміс, 3 қола жүлдемен өзбек қыздары еншіледі.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатына 4-ші рет қатысып жатыр. 2019 жылы — 3 алтын, 2021 жылы — 4 алтын, 2022 жылы 2 алтын медальға қол жеткізген.