2019 жылы әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізген қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Азия чемпионатының жартылай финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
БАӘ Дубай қаласында өтіп жатқан "сары құрлықтың" басты додасында 52 келіде сынға түскен отандасымыз үнді боксшысы Амит Паргалдан ұтылып қалды.
Айта кетейік, Бибосынов бұл қарсыласынан осымен екінші рет жеңіліп отыр. Осыған дейін отандасымыз әлем біріншілігінің жартылай финалында ұтылған болатын.
Енді Амит Паргалдың финалдағы қарсыласы Шохобидин Зоиров болады. Өзбек боксшысы жартылай финалда қырғызстандық Азат Усеналиевті жеңді.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы сапынан финалға әзірге тек 18 жастағы Даниял Сәбит шықты. 49 келіде сынға түскен қазақстандық боксшы финалда өзбек Нодиржон Мирзахметовпен кездеседі.