WBO рейтингінің көшбасшысы және басқалар. Құлахмет алдағы кездесуіне дайындықты қандай боксшылармен өткізді?

©MTK Global

Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет (4-0, 3 КО) 29 қазан күні Лондон (Англия) қаласында доминикандық Хуан Абреуге (23-6-1, 21 КО) қарсы кездесуге дайындығын аяқтады, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

Алдағы айқасқа қазақстандық боксшы дайындықты Манчестер қаласында өткізді. Құлахмет төрт бірдей британдық боксшымен спарринг өткізді. Олар - жартылай орта салмақта әлемнің абсолют чемпионы үшін өтетін кездесуге дайындалып жүрген Джек Кэттеролл (26-0, 13 КО), жартылай ауыр салмақта WBO рейтингінің бірінші нөмірлі боксшысы Линдон Артур (19-0, 13 КО) және кәсіпқой боксқа енді қадам басқан Каллум Симпсон (4-0, 2 КО) мен Джейк Гудвин. 

Айта кетейік, алдағы жекпе-жекте Тұрсынбай Құлахмет WBC International белбеуін қорғайды. Отандасымыздың қарсыласы туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы көре аласыздар. 

Еске салайық, Құлахмет әуесқойлар арасында 2019 жылғы Азия чемпионы. Дәл сол жылы ол әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Кәсіпқой бокстағы соңғы кездесуін ол 10 шілде күні Алматы қаласында өткізіп, оныншы раунда ресейлік Алексей Евченконы (19-15, 8 КО) техникалық нокаутпен жеңді. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар