"Канело" суперчемпионды жекпе-жекке шақырды. Кездесудің гонорары айтылды

Сурет: Allboxing

Төрт салмақ бойынша әлем чемпионы деген атағы бар мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (53-1-2, 36 KO) жекпе-жектерін ұйымдастыратын Golden Boy промоутерлік компаниясы екінші орта салмақтағы "суперчемпион" британдық Каллум Смитке (27-0-0, 19 KO) кездесу өткізу туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы The Athletic хабарлап отыр. 

Дереккөздің мәліметі бойынша, Смитке карьерасындағы ең үлкен гонорар ұсыныпты. Нақтырақ айтсақ, британдық боксшыға бес миллион доллар ұсынған. Бірақ бұл Смиттің командасы сұраған ақшадан екі миллионға аз екен. 

Екі команданың да өкілдері кездесуді ұйымдастыру үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Жекпе-жек 12 қыркүйек күні АҚШ жерінде өтуі мүмкін. 

Айта кетейік, бұған дейін промоутер Эдди Хирн Альварестің командасына төрт боксшыны ұсынған болатын. Оның ішінде Каллум Смит те бар еді. Мексикалық боксшының командасы осы ұсынысты қабылдап, кездесуді ұйымдастыруға дайындалып жатқан көрінеді. 

 

Жаңалықтар