Головкиннің 29 нокауты бар мексикалықпен жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды

Головкин мен Мунгия. Сурет: boxingscene.com
Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының негізін қалаушы Оскар Де Ла Хойя бірінші орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы мексикалық Хайме Мунгия (36-0, 29 KO) мен орта салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 KO) арасындағы кездесуді ұйымдастыру үшін жұмыс істеп жатқанын растады. Бұл туралы Boxingscene.com хабарлап отыр. 

Бұған дейін промоутер екі тарап келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Жекпе-жек 5-мамыр күні мексикалықтардың "Синко де Майо" мерекесі күні өтеді. 

"Қазір біз Головкин - Мунгия кездесуін ұйымдастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық жанкүйерлерге қызықты болатын жекпе-жек. "Синко де Майо" мерекесінде өтеді", - деді Де Ла Хойя. 

Айта кетейік, Мунгия соңғы кездесуін қазан айында Туреано Джонсонға (21-3-1, 15 KO) қарсы өткізіп, алтыншы раундта нокаутпен жеңіске жетті. Ал Головкин болса желтоқсан айында Камил Шереметаны (21-1, 5 КО) нокаутпен жеңіп, 21 рет чемпиондық белбеуін қорғап қалды. 





Метки:
Жаңалықтар