Айдос Ербосынұлы "Канеломен" кездесуге мүмкіндік беретін айқасқа дайындығын аяқтады

©Suleimen Promotion

Супер орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (15-0, 11 КО) алдағы кездесуге дайындығын аяқтады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Айдос Ербосынұлы командасымен Нұр-Сұлтан қаласына келді. Ол 12 қыркүйек күні гайаналық  Аллен Леннокске (22-1-1, 14 КО) қарсы кездесу өткізеді. Аталған кездесуде жеңіске жеткен боксшы WBA белбеуінің иегері мексикалық Сауль "Канело" Альвареске қарсы жекпе-жек өткізуе мүмкіндік алады. 

Елордада өтетін айқасқа Ербосынұлы үш апта бойы Мәскеу қаласында дайындалды. Ал оның қарсыласы ертең Нью-Йорк қаласынан Қазақстанға келеді. Бұл екі боксшы Jekpe-Jek Arena спорт кешенінде өтетін бокс кешінің басты айқасында жолығады. 

Одан бөлек, бокс кешінде Бек Нұрмағанбет (4-0, 2 КО), Евгений Павлов (4-0, 3 КО) және Данила Семенов (3-0, 2 КО) секілді боксшылар шаршы алаңға шығады. 

Ербосынұлы соңғы кездесуін өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, ганалық Исса Самирді (19-1, 16 КО) жеңді. Бұл кездесуде ол WBC Asia, WBA International және WBO Global белбеулерін қорғап қалды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар