Али Ахмедов алдағы кездесуі алдында салмақ өлшеуден өтті

©matchroomboxing

Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Али Ахмедов (16-1, 12 КО) өзінің алдағы жекпе-жегі алдында салмақ өлшеуден өтті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Ахмедов Монтебелло (Калифорния штаты, АҚШ) қаласында 16 қыркүйек күні Hollywood Fight Nights деп аталатын бокс кешінде өнер көрсетеді. Бұл кездесуде оның қарсыласы перулік боксшы Давид Сегарра (34-5, 21 КО) болады. 

Бүгін екі боксшы да кездесу алдында салмақ өлшеді. Ахмедовтің салмағы 170 фунт (77,110 кг) болса Сегарра 173,4 фунт (78,652 кг) болды. Кездесу он раундқа жоспарланған. Айқас жартылай ауыр салмақта, яғни 175 фунтта өтеді. 

Салмақ өлшеуден кейін боксшылар көз арбасты. Айта кетейік, айқас Нұр-Сұлтан уақытымен 17 қыркүйек күні таңертең болады. 

Негізі Ахмедов пен Сегарра айқасы 1 тамыз күні Альбукерке (Нью-Мексико, АҚШ) қаласында өтуі керек еді. Бірақ жекпе-жекке бір күн қалғанда перулік боксшы коронавирус жұқтырып алды. 

Соңғы рет Ахмедов шаршы алаңға желтоқсан айында шығып, эквадорлық Карлос Гонгородан (20-0, 15 КО) жеңіліп қалды. Бұл айқаста екінші орта салмақта IBO белбеуі сарапқа салынған болатын. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар