Суперауыр салмақтағы қазақстандық нокаутшы жеңілмеген америкалықпен жекпе-жекке шығады

24 қыркүйек 2020 14:27
Боксшының командасы ұсынған сурет.

Қазақстандық кәсіпқой Жан Кособуцкий (14-0, 13 КО) титулды жекпе-жекте америкалық Джеймс МакКензи Моррисонмен (17-0-2, 15 КО) жұдырықтасуы мүмкін, - деп хабарлайды Vesti.kz. 31 жастағы боксшы IBO Inter-Continental белбеуін бірінші рет қорғағалы жатыр. 

Он раундты кездесу 17 қазан Дюссельдорфта өтеді. Бұл айқаста сарапқа салынатын екінші белбеу - IBF титулының еуропалық нұсқасы. 30 жастағы америкалық боксшы титул үшін алғаш рет жұдырықтасады. 

Моррисон барлық жекпе-жектерін АҚШ-та өткізіп, ешқайсында жеңілмеген (екі рет тең түсті). Кособуцкий болса, Германия жерінде бұрын да жұдырықтасып, чемпиондық белбеуін нокаутпен жеңіп алған. 

Мұның алдында қазақстандық боксшының қарсыласы 31 жастағы бельгиялық Джоэль Тамбу Джеко (17-2-1, 8 КО) болуы мүмкін екені айтылған. Қазір Кособуцкий Германияға аттану үшін құжаттарын реттеп жатыр.