"Сөз беремін...". "Канело" жекпе-жек туралы ресми хабардан кейін мәлімдеме жасады

Сурет: AllBoxing.ru

Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (53-1-2, 36 КО) алдағы жекпе-жегінен не күтетінін айтты.

"Әбден дайынбыз, ешқашан бұлай дайын болмағанбыз. 19 желтоқсанда Каллум Смитпен рингке ораламын. Ұзақ күттік, бірақ, бұл соған тұрарлық боларына сөз беремін", - деп жазды ол Instagram желісінде. 

Кездесу промоутер Эдди Хирннің (Matchroom Boxing) DAZN платформасындағы шоуының аясында өтеді. Жекпе-жекте WBA Super және The Ring белбеулері сарапқа салынады.

Боксшылар рингке кейінгі рет былтыр шыққан. Альварес ресейлік Сергей Ковалевті нокаутқа түсіріп, жартылай ауыр салмақта WBO титулын жеңіп алды. Ал Смит отандасы Джон Райдерді төрешілер шешімімен жеңген еді.

Айта кетейік, бұл "Канелоның" Golden Boy Promotions компаниясының араласуынсыз өткізетін алғашқы жекпе-жегі.