"Нағыз текетірес". Шетелдік сарапшы Айдос Ербосынұлының чемпиондық айқасқа шығу мүмкіндігіне баға берді

Сурет: profiboxing.kz©

Супер орта салмақтағы қазақстандық Айдос Ербосынұлы (15-0, 10 КО) және оның келесі қарсыласы ресейлік Евгений Шведенконың (15-0, 6 КО) жеңіске жету мүмкіндігі теңдей. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында saturdaynightboxing.com порталының шолушысы Адам Абрамовиц осындай пікір білдірді. 

"Алдағы айқас өте қызықты өтетін сияқты. Ербосынұлы мен Шведенконың тәжірибесі бірдей. Екеуі де 15 жекпе-жекке шыққан, алайда, қазақстандықтың нокаутпен жеңісі көбірек. Бұл оған басымдық береді. Дегенмен, кездесуді ұйымдастыратын ресейлік боксшының командасы болып отыр. Сондықтан олар өз боксшысына ең ұтымды жағдай жасайды. Осылайша, екеуінің мүмкіндігі теңеседі. Турасын айтсақ, Шведенконың техникасы мықты, бірақ, Ербосынұлы - шыдамды және соққысы ауыр боксшы. Сондықтан нағыз текетірес болады. Кез келгені титулға лайықты үміткер бола алады деп ойлаймын", - дейді Абрамовиц.

Еске салайық, Ербосынұлы - Шведенко жекпе-жегі 2021 жылдың 17 сәуірінде Германияда өтеді. Бұл кездесудің жеңімпазы екінші орта дивизионда IBF чемпионы америкалық Калеб Плантқа міндетті қарсылас атанады. Қазақстандық боксшы қазіргі таңда Америкада жаттығып жатыр.