Маман Садриддин Ахметовтың келесі кездесуінің маңыздылығы туралы айтып берді

Садриддин Ахметов. Сурет: Eye Of The Tiger©

Боксшылар Садриддин Ахметовпен (12-0, 10 КО) жекпе-жекке шығудан қорқады. Мұндай пікірді Vesti.kz тілшісімен болған әңгіме барысында бокс әлемінің канадалық сарапшысы Филипп Сен-Мартен білдірді. Ол қазақстандық спортшының алда болатын канадалық Мпонда Калунгаға (8-2, 3 КО) қарсы кездесуі туралы ойымен бөлісті. 

"Боксшы күштірек болған сайын, оған қарсылас табу қиындай береді. Біраз адам Ахметовтың қарсыласының әлсіздеу болып тұрғанын жақтырмауда. Боксшыларды таңдау үдерісі оңай емес. Мансап жолы үшін Калунга жаман қарсылас емес. Канадалық боксшы фаворит емес деп ойлаймын. Кездесу нокаутпен аяқтала ма, техникаға толы жекпе-жек бола ма, сол қызық.  Меніңше бұл кездесу Ахметовтың болашағы үшін мықты дайындық болмақ", - дейді Сен-Мартен.

Ахметов пен Калунга 16-шілде Канаданың Шавиниган қаласында кездеседі. Жекпе-жекте Ахметовтың NABF титулы ғана бәске тігіледі. Одан бөлек қазақстандық спортшының WBA Continental және WBC Francophone белбеуі бар.