Қазақстандық Али Ахмедов 40 жастағы америкалықпен жұдырықтасуы ықтимал

Сурет: twitter.com/MatchroomBoxing

Екінші орта салмақтағы қазақстандық Али Ахмедов (16-1, 12 КО) 40 жастағы америкалық Маркус Апшоумен (22-17-4, 13 КО) жекпе-жек өткізуі мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне мәлімет көзі хабарлады. 

Еске салайық, BoxRec мәліметінше, 25 жастағы Ахмедов 12 наурыз Плант-ситидегі бокс кешінде жұдырықтасады деп жоспарланған еді. Ал Алидің қарсыласы 33 жастағы Скотт Сигмон (34-14-1, 17 КО) болу керек еді. Алайда америкалық жекпе-жектен бас тартты. 

Апшоу мен Ахмедов арасындағы айқас қашан өтетіні нақтыланбады. Кейінгі рет америкалық боксшы 2020 жылы 17 қазанда жұдырықтасып, мексикалық Адальберто Гонсалес Абрилді нокаутқа түсірген. Апшоу карьерасын орта салмақта бастап, канадалық Давид Лемье, мексикалық Хильберто Рамирес және ганалық Осуману Адам сияқты боксшылармен жекпе-жек өткізген.

Ал Ахмедов желтоқсанда екінші орта салмақта IBO титулы үшін жекпе-жекте эквадорлық Карлос Гонгорадан нокаутпен жеңілген.