"Канело" дивизион ауыстыруға қатысты мәлімдеме жасады

Сурет: Boxing Scene

Екінші орта салмақта WBA Super және WBC чемпионы Сауль "Канело" Альварес (55-1-2, 37 КО) жартылай ауыр салмақта енді жұдырықтаспайтынын мәлімдеді.

8 мамыр мексикалық боксшы британиялық Билли Джо Сондерспен (30-0, 14 КО) АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium аренасында жекпе-жек өткізеді.

"Екінші орта салмақ - мен үшін максимум. Төртінші дивизиондағы белбеу үшін жұдырықтасқанымда тәуекелге бардым. Жартылай ауыр салмақта баяулап қалдым. Өзімді бабымда сезіне алмадым. Қалай дегенмен төрт салмақта чемпион болдым", - деп береді Альварестің сөзін "Чемпионат" сайты Boxingscene.com порталына сілтеме жасап.

Мексикалық бұл салмақта 2019 жылы 2 қарашада бір ғана жекпе-жек өткізді. Ол кезде Альварес ресейлік Сергей Ковалевті нокаутқа түсіріп, WBO титулын иеленді. Осылайша, ол төртінші салмақта чемпион бола алды. Дегенмен бұл титулын ол бірде-бір қорғамастан бос қалдырып кетті.