Жүкембаевтың әлем чемпиондығына үміткерлер арасындағы артықшылықтары туралы айтылды

Фото: Vesti.kz

"Төртеудің турнирі" аталатын бірінші орта салмақтағы міндетті әлем чемпионы титулына үміткерді анықтау үшін өткізілетін IBF турнирі - қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаевтың (18-0, 14 КО) мансабындағы маңызды сәттің бірі болмақ. Мұндай пікірді Boxingtalk.com порталының шолушысы Иван Монтиэль Vesti.kz тілшісімен болған әңгімеде білдірді. Сондай-ақ ол қазақстандық спортшының пуэрториколық Сабриэль Матиастан (16-1, 16 КО) артықшылықтары туралы айтып берді.

Жүкембаев 29 мамыр күні Лос-Анджелес қаласында (АҚШ, Калифорния штаты) Showtime бокс кешінде өнер көрсетеді. Жартылай финалдың екінші жұбы  британдық боксшы  Льюис Ритсон (21-1, 12 КО) және аргентиналық Йеремиас Понсе (27-0, 17 КО) құрап отыр.

"Бұл Батыр Жүкембаевтың карьерасындағы өте маңызды сәт. Бұл дивизиондағы ең қауіпті әрі мықты боксшылардың турнирі. Маған бұл жүйе ұнайды. Себебі ол ең мықты үміткерді таңдайды. Жүкембаев басқаларына қарағанда теникасы жақсырақ әрі тәжірибесі молырақ көрінеді. Ол "ақылды" бокс көрсетеді. Алайда, бұл сайыста фаворитті анықтау қиын болып тұр. Барлық боксшылардың мүмкіндіктері бірдей. Осыған орай оларды тамашалау да қызық болғалы тұр. Жеке өз басым Жүкембаевтың табысына сенемін. Ол бұл мүмкіндікке қарай ұзақ жол жүрді және оны қолдан бос жібере салмауы керек" - дейді Монтиэль.

Алдағы бокс кеші Батыр үшін АҚШ-тағы дебюті болмақ. Осыған дейін қазақстандық спортшы барлыө жекпе-жегін Канадада өткізіп келді.